JSTOR

электронды кітапхана

JSTOR (Джейстор; ағылш. Journal Storage сөзінің қысқартылған нұсқасы)[1] — 1994 жылы негізі қаланған академиялық журналдардың, кітаптардың және алғашқы дереккөздердің электронды кітапханасы. Алғашқыда мұнда тек академиялық журналдардың ескі сандары ғана цифрланса, бүгінде оның қоры кітаптармен, түпнұсқалық дереккөздермен және гуманитарлық әрі әлеуметтік ғылымдар бойынша мерзімді басылымдардың жаңа сандарымен толықтырылған.

JSTOR
Журналдық архив
URL

jstor.org

Коммерциялық

Жоқ

Сайттың түрі

Электронды кітапхана

Тіркелу

Иә

Тіл(дер)і

ағылшын (басқа тілдердегі мазмұн да бар)

Иесі

Ithaka Harbors, Inc.

Авторы

Уильям Боуэн (негізін қалаушы), Эндрю Меллон қоры

Ашылған уақыты

1994

Қазіргі статусы

Белсенді

Платформа 2000-ға жуық журналдың толық мәтінді іздеу жүйесін ұсынады. Материалдардың негізгі бөлігіне ақылы жазылым арқылы қол жеткізуге болады, алайда сайтта қоғамдық меншікке өткен туындылар мен тегін оқуға болатын ашық қолжетімділіктегі контент те бар.[2] JSTOR АҚШ-тың бейкоммерциялық «Ithaka Harbors, Inc.» академиялық цифрлық кітапханасы мен білім беру платформасының құрамына кіреді.[3]

Тарихы

өңдеу

1994 жылы JSTOR платформасының негізін 1972–1988 жылдары Принстон университетінің президенті болған Уильям Г. Боуэн қалады.[4] Бастапқыда JSTOR кітапханалардың, әсіресе ғылыми-зерттеу және университет кітапханаларының алдында тұрған үлкен бір мәселені шешу үшін ойластырылған болатын. Ол мәселе — ғылыми журналдар санының күрт өсуі еді. Көптеген кітапханалар үшін журналдардың толық топтамасын сақтау қаржылық тұрғыдан да, кеңістік (орын) жағынан да тым қымбатқа түсті. JSTOR көптеген журналдарды цифрлық форматқа көшіру арқылы кітапханаларға оларды ұзақ мерзімді сақтау жүгінен арылуға мүмкіндік берді. Ал онлайн қолжетімділік пен мәтін бойынша толық іздеу жүйесі материалдарды табуды айтарлықтай жеңілдетті.[5]

Боуэн алғашында материалдарды тарату үшін CD-ROM дискілерін пайдалануды жоспарлаған еді.[6] Алайда Принстон университетінің есептеуіш және ақпараттық технологиялар жөніндегі вице-президенті Ира Фукс Боуэнді CD-ROM технологиясының ескіріп бара жатқанына сендірді. Ол желі арқылы тарату артық шығындарды жойып, қолжетімділікті арттыратынын алға тартты (мысалы, 1989 жылға қарай Принстонның барлық әкімшілік және оқу ғимараттары бір желіге қосылған болатын; 1994 жылы студенттік жатақханалар желісі аяқталды; ал Принстон сияқты кампус желілері, өз кезегінде, BITNET пен Интернет сияқты ірі желілермен байланысып жатты). JSTOR жобасы 1995 жылы жеті түрлі кітапханада іске қосылып, алғашында экономика мен тарихқа арналған он журналды қамтыды. Алғашқы пайдаланушылардың пікірлері негізінде жүйе жетілдіріліп, кез келген қарапайым браузерден ашылатын және толық іздеу жасауға болатын индекске айналды. Сондай-ақ суреттер мен графиктерді анық әрі оқылатын ету үшін арнайы бағдарламалық жасақтама енгізілді.

Осы шағын жоба сәтті шыққаннан кейін, Боуэн, Фукс және JSTOR-дың сол кездегі президенті Кевин Гатри қатысушы журналдардың санын арттыруды көздеді. Олар Лондон корольдік қоғамының өкілдерімен кездесіп, қоғамның 1665 жылдан басталған Philosophical Transactions of the Royal Society журналын цифрландыру туралы келісімге келді. Бұл томдарды JSTOR-ға қосу жұмыстары 2000 жылдың желтоқсанына қарай толық аяқталды. 1999 жылы JSTOR Біріккен ақпараттық жүйелер комитетімен (JISC) серіктестік орнатып, Манчестер университетінде сайттың айналық нұсқасын жасады. Бұл Англия, Шотландия, Уэльс және Солтүстік Ирландиядағы 20-дан астам жоғары оқу орнына JSTOR мәліметтер базасын қолжетімді етуге мүмкіндік берді.[7]

Бастапқы кезеңде JSTOR жобасын Эндрю У. Меллон қоры қаржыландырды. 2009 жылдың қаңтарына дейін JSTOR Нью-Йорк пен Анн-Арборда (Мичиган штаты) кеңселері бар, өз-өзін қаржыландыратын тәуелсіз бейкоммерциялық ұйым ретінде жұмыс істеп келді. Содан кейін ол 2003 жылы құрылған, «академиялық қауымдастыққа қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық және желілік технологиялардың барлық артықшылықтарын пайдалануға көмектесуді» мақсат тұтатын бейкоммерциялық «Ithaka Harbors, Inc.» ұйымымен бірікті.[3]

2019 жылы JSTOR-дың табысы 79 миллион долларды құрады.[8]

Қызметі мен жобалары

өңдеу

JSTOR платформасындағы материалдарды 900-ден астам баспа ұсынады.[9] Мәліметтер базасында 75-тен астам ғылыми бағыт бойынша 12 миллионнан астам журнал мақаласы жинақталған.[3] Тұрақты URL сілтемесін жасау үшін әрбір нысанға 1-ден басталатын бірегей бүтін сан мәні (ID) беріледі.[10]

Негізгі сайттан бөлек, JSTOR зертханалық тобы (JSTOR labs) корпустық талдау жасау мақсатында архив материалдарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Data for Research» ашық қызметін басқарады.[11] Бұл сайт мақалалардың қамтылу ауқымын графикалық түрде көрсететін іздеу жүйесімен жабдықталған және негізгі JSTOR сайтымен ішінара интеграцияланған. Пайдаланушылар қажетті мақалалар жиынтығын жасап, сөздер мен н-грамдардың (n-gram) жиілігі мен негізгі метадеректерді қамтитын мәліметтер базасына сұраныс жібере алады. Мәліметтер дайын болған кезде пайдаланушыларға хабарлама келеді және оны XML немесе CSV форматтарында жүктеп алуға болады. Бұл қызмет мақалалардың толық мәтінін ұсынбайды, алайда ғалымдар құпиялылықты сақтау туралы келісімшарт негізінде толық мәтінді JSTOR-дан тікелей сұрата алады.

Негізгі сайтқа қосымша ретінде JSTOR Plant Science (Өсімдіктер әлемі) жобасы жұмыс істейді.[12] Ол өсімдіктердің типтік үлгілері, таксономиялық құрылымдар, ғылыми әдебиеттер сияқты материалдарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді және ботаника, биология, экология, қоршаған ортаны қорғау саласын зерттеушілерге, оқытушылар мен студенттерге арналған. JSTOR Plant Science платформасындағы материалдар Жаһандық өсімдіктер бастамасы (GPI) арқылы жинақталады және оған тек JSTOR мен GPI мүшелері ғана кіре алады.[13] Бұл жобаға екі серіктес желі үлес қосуда: олар — Африка өсімдіктеріне назар аударатын African Plants Initiative және Латын Америкасы өсімдіктерін зерттейтін Latin American Plants Initiative.[14]

2012 жылдың қарашасында JSTOR өзінің Books at JSTOR (JSTOR-дағы кітаптар) бағдарламасын іске қосып, сайтқа 15 000 жаңа және бұрын жарық көрген кітаптарды қосты. Бұл кітаптар өзара рецензиялармен және журнал мақалаларындағы сілтемелермен байланыстырылған.[15]

2014 жылдың қыркүйегінде академиялық зерттеулерді қалың бұқараға түсінікті тілде жеткізу мақсатында JSTOR Daily онлайн журналы жарық көрді. Мұндағы мақалалар негізінен JSTOR-дағы ғылыми еңбектерге сүйеніп жазылады және кейбір жарияланымдар ағымдағы әлемдік оқиғалардың тарихи алғышарттарын түсіндіреді.[16]

Reveal Digital — JSTOR платформасында орналасқан, XX ғасырдағы андеграунд, қоғам шеттеткен және диссиденттік қауымдастықтар шығарған немесе олар туралы жазылған құжаттар жинағы.[17] Reveal Digital-дың ашық қолжетімді контентіне әуесқой журналдар, түрме газеттері, ЖИТС-ке арналған өнер туындылары, студенттік қозғалыс құжаттары, қара нәсілділердің азаматтық құқықтары туралы материалдар және ақ нәсілділердің үстемдігін насихаттайтын ұйымдардың архиві кіреді.[17]

Платформаға қолжетімділік

өңдеу

JSTOR негізінен жоғары оқу орындарына, көпшілік кітапханаларға, ғылыми-зерттеу институттарына, мұражайлар мен мектептерге лицензияланады. Бүгінде әлемнің 150-ден астам еліндегі 7000-нан астам мекеме осы базаға қосылған. Платформа жазылым иесі болып табылатын мекемелердің қазіргі студенттері мен қызметкерлерінен бөлек, олардың түлектеріне де мәліметтер қорын ашу бойынша пилоттық бағдарлама жүргізді. «Түлектердің қолжетімділік бағдарламасы» (Alumni Access Program) ресми түрде 2013 жылдың қаңтарында іске қосылды.[18] Сондай-ақ жекелеген пайдаланушылар баспалар арқылы нақты бір журналдарға дербес жазыла алады. Жыл сайын JSTOR жазылымы жоқ пайдаланушылардың мақалаларды оқуға жасаған 150 миллионға жуық талпынысына бұғаттау қояды.[19]

Жүйені толықтай ашық қолжетімділікке (open access) көшіру мүмкіндігі туралы да бірнеше рет мәселе көтерілген болатын. Гарвард заң мектебінің профессоры Лоуренс Лессигтің айтуынша, JSTOR әкімшілігіне «Бұл базаны бүкіл әлемге қолжетімді ету қанша тұрады? Сіздерге қанша төлеуіміз керек?» деген сұрақ қойылғанда, олар шамамен 250 миллион доллар көлеміндегі соманы атаған.[20]

Дереккөздер

өңдеу
  1. New Public Leadership: Making a Difference from Where We Sit  Routledge. — P. 82. — ISBN 9780429832918.
  2. Register and read beta.
  3. 1 2 3 About: Mission and history. JSTOR.
  4. Leitch, Alexander Bowen, William Gordon (1978).
  5. About: Mission and history  (ағыл.). JSTOR.
  6. Schonfeld Roger C. JSTOR: A History  Princeton, NJ: Princeton University Press, 2003. — ISBN 978-0-691-11531-3.
  7. Guthrie, Kevin M. (1999). "JSTOR: Large Scale Digitization of Journals in the United States" (pdf). LIBER Quarterly 9 (3): 291. doi:10.18352/lq.7546. ISSN 1435-5205. https://liberquarterly.eu/article/view/10146/10595.
  8. Form 990 for period ending December 2019 (pdf). ProPublica.
  9. Annual Summary. JSTOR (March 19, 2013).
  10. Citation Management: Permanently Linking to Content on JSTOR  (ағыл.). JSTOR.
  11. Data for Research Мұрағатталған 2 қыркүйектің 2011 жылы.. JSTOR.
  12. JSTOR Plant Science Мұрағатталған 26 желтоқсанның 2010 жылы.. JSTOR.
  13. Global Plants Initiative Мұрағатталған 8 желтоқсанның 2015 жылы.. JSTOR.
  14. Global Plants Initiative (GPI) | Royal Botanic Gardens, Kew  (ағыл.).
  15. A New Chapter Begins: Books at JSTOR Launches. JSTOR (November 12, 2012).
  16. Lichterman, Joseph Opening up the archives: JSTOR wants to tie a library to the news. Nieman Lab.
  17. 1 2 Reveal Digital  (ағыл.). About JSTOR.
  18. Access for alumni. JSTOR.
  19. Every Year, JSTOR Turns Away 150 Million Attempts to Read Journal Articles Мұрағатталған 16 қарашаның 2016 жылы.. The Atlantic. Retrieved January 29, 2013.
  20. Lessig on "Aaron's Laws—Law and Justice in a Digital Age" Мұрағатталған 24 наурыздың 2013 жылы.. YouTube (February 20, 2013). Retrieved on 2025-04-07.